Таяу Шығыстағы ахуал мен АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің келешегіне қатысты белгісіздік мұнай нарығындағы алаңдаушылықты күшейтіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Reuters агенттігінің соңғы мәліметіне сәйкес, Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 106,60 долларға жетті. Азиялық сауда сессиясының бастапқы кезеңінде оның бағасы 0,6 пайыз артып, барреліне 105,91 доллар деңгейінде болған.
Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнайдың бағасы таңертең 0,8% пайызға көтеріліп, барреліне 93,32 долларға жетті.
Мұнай бағасының өсуіне өңірден мұнай тасымалының үзілуі мүмкін деген қауіптің сейілмеуі әсер етіп отыр.
Қыркүйекте Таяу Шығыстағы ірі мұнай өндірушілердің экспорты тәулігіне 12,8 млн баррельге дейін өсіп, ақпан айынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Алайда мұнай жеткізілімдерінің бір бөлігі әлі де күрделі әрі қымбат логистикалық бағыттарға тәуелді.
Осы тұста нарық қатысушылары АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді қайта бастауға бағытталған әрекеттерді де жіті бақылап отыр. Екі елдің өкілдері делдалдармен жеке-жеке консультациялар өткізгенімен, әзірге келіссөздердің нақты нәтижесі мен мәмілеге келу мүмкіндігі туралы анық ақпарат жоқ. Мұнай нарығы үшін маңызды факторлардың бірі болып отырған Ормуз бұғазы маңындағы ахуал да назардан тыс қалмайды.