Таяу Шығыстағы шиеленіс: 109 қазақстандық Ираннан жедел эвакуацияланды

271

Таяу Шығыстағы қарқынды шиеленіскен жағдайда Қазақстан Республикасы өз азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан жедел эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырды.  

Таяу Шығыстағы шиеленіс: 109 қазақстандық Ираннан жедел эвакуацияланды Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Үйлесімді жұмыс пен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды.

Эвакуация өңірдің достас мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүзеге асырылды, атап айтқанда 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтті. Барлық азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілді және Отанға оралу үшін қажетті жағдай жасалды.

"Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзербайжан билігіне қазақстандықтардың бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақытылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді", – деп жазылған ведомоство таратқан хабарламада.

Эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу барысында қазақстандық дипломаттар тәулік бойы жергілікті билікпен іс-қимылды үйлестіріп, маршруттардың логистикасын қамтамасыз етті, сондай-ақ құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасады және отандастарымызға қажетті қолдау көрсетті. Қысқа мерзімде 200-ден астам азаматымыз хабарласып, оларға көмек көрсетілген. 

Ирандағы барлық қазақстандықтармен үздіксіз байланыс орнатылып, олардың алдын ала келісілген транзиттік бағыттары бойынша жүріп-тұруы ұйымдастырылды.

Отандастарымызды елге қайтару бойынша жұмыс жалғасуда және қазіргі уақытта ҚР СІМ басқа құзыретті ведомстволармен бірлесіп Қазақстан азаматтарын Израиль Мемлекетінен эвакуациялауды пысықтауда. Шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары, қауіпсіздігі мен амандығы – еліміздің сыртқы саяси бағытының аса маңызды басымдығы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу