13 шілде таңертеңгі жағдай бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 4%-ға немесе 3,04 долларға өсіп, бір баррелі 79,05 долларға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
WTI маркалы мұнай фьючерстерінің құны да 4,09%-ға немесе 2,92 долларға көтеріліп, барреліне 74,33 доллар болды.
Ал Ресейдің Urals маркалы мұнайы бір баррелі үшін 55,12 доллардан саудаланды.
Сарапшылардың бағалауынша, нарықтағы өсімге Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күшеюі әсер еткен.
Еске салсақ, 8 шілдеде АҚШ Иран мұнайын сатуға қатысты санкцияларды қайта енгізді. Бұған Ормуз бұғазы маңында мұнай және сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын танкерлерге жасалған шабуылдар себеп болған.
Кейін Ақ үй Иран аумағындағы нысандарға ауқымды соққылар басталғанын мәлімдеді.