Мұны статистикалық көрсеткіштер дәлелдей түседі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Биылғы жыл қорытындысы бойынша, "Таза Қазақстан" экологиялық науқанына 2,4 миллион адам қатысқан. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетіндегі мақаласында жазды.
"Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасы сәуір айында ғана басталған еді.
– Көктемгі су тасқынымен арпалысып, дағдарған шақ болса да, Президент өңір әкімдеріне босаңсымай, айналаны тазалау, абаттандыру ісіне дереу кірісуге пәрмен берді. Бұл жалпыұлттық сипат алатын тұрақты үдеріске айналуға тиіс екенін қатаң ескертті. Түпкі мақсат – қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру, – деді Б.Уәли.
Сонымен, жыл бойы жүргізілген акцияға 2,4 миллионға жуық адам қатысып отыр. Соның арқасында жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылған.
Шамамен 2,5 миллион көшет егілсе, 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. Бес мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді.
Сондай-ақ, өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метрден аса арық тазартылғаны хабарланған.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 95 заңға қол қойғанын жазған едік.