Елімізде Наурыз мерекесі қарсаңында "Таза табиғат" экологиялық жобасы басталды, деп хабарлады inbusiness.kz Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Шара аясында бірнеше аймақта ағаш отырғызу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті. Жалпыұлттық жоба Түркістан қаласында бастау алып, Жамбыл , Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында жалғасты.
Осылайша Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау басталды. "Мекенім – жасыл елім" акциясына 60 мың адам ат салысып, 486 мың түп ағаш отырғызылды. Оқушылардың "Менің ағашым" челленджіне 31 мың адам қатысып, 39 мың көшет егілді.
"Өзге өңірлерде де осындай шаралар ауа райына байланысты сәуірде өтеді", - деді Мағзұм Мырзағаиев Түркістандағы шарадағы сөзінде.
Сонымен қатар бағдарлама аясында Түркістан іргесіндегі Жасыл белдеу құрылды.
"Облысымыз бойынша 3 млн 131 мың га орман қоры жерлері бар, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 630 мың гектарды құрайды. Түркістан іргесіндегі Жасыл белдеу аумағын келер жылға дейін тағы 3000 гектарға кеңейтіп, толық аяқтау жоспары бар. Ал орман тұқымбақтарын дамыту үшін онда әр жылы 35,0-40,0 млн әр-түрлі ағаш көшеттерін өсіреміз", - деп атап өтті облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысы әкімдігі мен Экология министрлігі бірлесе қабылдаған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін өңір аумағында жалпы аумағы 110210 гектарға 170000,0 түп көшет егілмек.
Бұл ретте Мағзұм Мырзағаиев "Таза табиғат" акциясының наурыз мерекесінде, Түркістанда өткізілуінің ерекше мәні бар екенін және жобаны дәстүрге айналдыру қажеттігін айтты.
"Түркі әлемінің бесігі болған киелі мекеннің гүлденуі ел абыройын арттырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көркейіп жатқан қалаға келген қонақтардың көзі алдымен айналаның тазалығы мен жасыл желекке түседі. Біз Наурыз мейрамын айналаны көгалдандыру мен тазартудан бастауды дәстүрге айналдыруымыз керек. Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жанашырлықты арттырады. Қазақстанда экология проблемаларына бейжай қарамайтын, осындай шараларға белсенді қатысатын азаматтар санының көбеюі бәрімізді қуантады", - деді министр.
"Таза табиғат" жобасы шеңберінде жоғарыда аталған барлық өңірде қоқыстан тазарту мақсатындағы "Бірге – Таза Қазақстан" жобасы жалғасын тапты. "Таза су айдындары" акциясы аясында өзен-көлдер жағасы тазартылып, бұлақ көздері, суармалы су арналады аршылды. Ұлттық парктер мен басқа да табиғи аумақтарда "Парктер шеруі" өтті.