Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, экология мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, туризмді дамытамыз деп, табиғатқа зиян келтіруге болмайды, деп жазды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
– Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде "Таза Қазақстан" акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.