Тәжікстан Президенті Қазақстанның Сыртқы істер министрін қабылдады

171

Тәжік тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Душанбе қаласына жұмыс сапарымен барды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тәжікстан Президенті Қазақстанның Сыртқы істер министрін қабылдады Фото: СІМ

Сапар аясында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның қабылдауында болды.

Тәжікстан басшысы соңғы жылдары екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейге жеткенін қанағаттанушылықпен атап өтіп, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту арқылы қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Эмомали Рахмон Қазақстан Президентінің өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған сындарлы бастамаларын оң бағалап, оларды қолдайтынын айтты.

Өз кезегінде Мұрат Нұртілеу Тәжікстан көшбасшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді, сондай-ақ биік және жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті.

Кездесуде қос мемлекет көршілермен теңгерімді және болжамды қарым-қатынастар орнату арқылы Орталық Азия өңірінің бірлігі мен ынтымағын нығайтуды қолдайтыны аталып өтті. Тараптар өңірлік ортақ мүдделерді әрдайым басымдық ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Кездесудің маңызды нәтижесі ретінде Президент Эмомали Рахмон ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Бұл қадам өңірлік ынтымақтастық пен орнықты дамудың жаңа кезеңін ашатын тарихи меже болды.

Шарт ережелерін іске асыру өзара тиімді, жан-жақты серіктестікті жандандыруға елеулі серпін береді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу