"Бәйтерек" холдингі өзінің еншілес ұйымы "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ қызметінің аяқталғаны және оның атауының "QazTech Ventures" АҚ-ға ауыстырылғаны туралы хабарлады.
Инновациялық гранттар берумен енді "Қазақстандық индустрияны дамыту институты" АҚ айналысатын болады, ал QazTech Ventures венчурлық капитал нарығын және технологиялық кәсіпкерлігiн дамытуға баса назар аударатын болады. Осы мақсаттарда QazTech Ventures қызметінің негізгі үш бағыты анықталды: венчурлық қаржыландыру, жеке бизнес-инкубаторларды қолдау және технологиялық консалтинг.
Бірінші бағыт бойынша QazTech Ventures Қазақстандағы технологиялық стартаптарды қолдауға бағытталған венчурлық қорлар қоры форматында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бизнес-инкубациялау құралы шеңберінде олардың операциялық шығыстарын өтеу арқылы инкубаторлардың қызметіне қаржылық қолдау, сондай-ақ осы инкубаторлардың жобаларына қаржылық қолдау көрсетілетін болады. Технологиялық консалтинг шеңберінде B2B форматтағы технологиялық брокерлік қызметтері көрсетіледі, сондай-ақ жобалардың технологиялық сараптамасы қамтамасыз етіледі.