Халықаралық театр күніне орай Талдықорғандағы Бекен Римова атындағы театрда салтанатты шара өтті. Мерекеге орай қаланы Лимузиндермен аралап шыққан театр әртістерін қызыл кілем төсеп облыс әкімі Амандық Баталов бастаған өнерсүйер қауым күтіп алды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік шара театр тарихы туралы бейнефильм көрсетуден басталды. Фильмде өнер ошағының 40 жылда жүріп өткен жолы, шетелге шыққан сапарлары, байқаулардағы жетістіктері және басқа да ізденістері мен іздері кеңінен қамтылды. Театрдың қабырғасы қаланғаннан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан әртістердің қатарында Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Өмірсерік Қалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Кендебай Темірбайұлы, Әлихан Ыдырышева, "Құрмет" белгісінің иегері, театрдың көркемдік жетекшісі Серік Нұрхалық бар.
Амандық Баталов әртістерді құттықтап: "Театр күні – тек әртістер үшін ғана емес, баршамыз үшін үлкен өнер мерекесі. Киелі шаңырақ өзінің қырық жылдық ғұмыр жолында жеріміздің тарихын, тәуелсіз еліміздің игіліктерін танытып келеді. Бүгін өнер тарландарының қатары жас толқынмен толыққанын көріп, қуанып отырмыз. Бұл – театрдың өмір сүріп жатқанын, ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғастырып келе жатқанын көрсетеді", – дей келе, Талдықорғандағы жаңадан тұрғызылып жатқан театр ғиматарының 2018 жылы Халықаралық театр фестивалімен ашылатынын тілге тиек етті.
"Құрметті өнер иелері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге шығармашылық өрлеу, толайым табыс тілеймін! – деп ізгі тілегін білдірген облыс әкімі Бекен Римова атындағы драма театрдың, Ақсу, Мұқыры, Ақши, Райымбек, Д. Рақышев атындағы халық театрларының өкілдерін Құрмет грамоталарымен марапаттады.