Иран әскери күштері Ормуз бұғазының толық жабылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ Қарулы күштері 10 маусым күні кешке Иран аумағындағы нысандарға қайтадан соққы берді. CENTCOM-ның мәліметінше, операция жергілікті уақыт бойынша сағат 17:15-те басталған. Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Тегеранға қарсы жаңа шабуылдар жасалатынын мәлімдеген еді. Кейін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Иранға жаңа соққылар жасалуы мүмкін екенін ескертті. Оның сөзінше, шабуылдар соғысты қайта бастауды мақсат етпейді, керісінше келісімге келуге жағдай жасауды көздеп отыр.
IRNA ақпараттық агенттігі Минаб пен Сирик қалалары маңында жарылыстар болғанын жазды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, жарылыстар Парсы шығанағы жағалауындағы Бендер-Аббас қаласындағы әуежай мен әскери база маңында, сондай-ақ Горган порт қаласында да естілген.
Иран Парсы шығанағындағы елдер мен Иорданиядағы америкалық әскери базаларға шабуыл жасағаны туралы да ақпарат тарады. Шабуыл барысында баллистикалық зымырандар қолданылғаны туралы айтылған.
Бұл ретте Иран әскери күштері Ормуз бұғазының толық жабылғанын мәлімдеді. Бұғаз арқылы өтуге тырысатын кез келген кеме шабуыл нысанасына айналатыны белгілі болды. Десек те, АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы Ормуз бұғазы толық жабылды деген ақпаратты теріске шығарды. Олар таратқан мәліметке сәйкес, кеме қозғалысы қалыпты қарқынмен жалғасып жатыр.