Иран байытылған уран қорын сыртқа шығармайды. Алайда белгілі бір шарттар орындалған жағдайда уранды байыту мөлшерін 60%-дан 20%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Бұл туралы Иранның жоғарғы жетекшісінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Әли Шамхани айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Интерфакс" агенттігіне сілтеме жасап.
"Ираннан сақтаулы тұрған материалдарды шығарудың ешқандай негізі жоқ. Бірақ егер олар алаңдап жатса, онда уранды байыту мөлшері 60 пайыздан 20 пайызға дейін қысқартуға болады. Олар оның орнына нақты ұсыныс жасауы тиіс", – деді Шамхани Al Mayadeen телеарнасына берген сұхбатында.
Саяси мәселелер жөніндегі кеңесші Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт сипатта екенін атап өтті. Оның айтуынша, Тегеран ядролық қаруды иеленуге ниетті емес.
Шамхани байытылған уранның көлемі белгісіз екенін айтты. Себебі оның бір бөлігі қирандылар астында қалған. Оны шығару өте қауіпті, деді Әли Шамхани.
Айта кету керек, бұған дейін Еуроодақ елшілері Иранның сыртқы істер министрлігіне шақырылғанын жазғанбыз. Тегеран Вашингтонмен ядролық келіссөздерден оң нәтиже күтеді.