Атырауда созылмалы сырқатпен ауыратын науқастар кепілді тегін медициналық көмек аясында берілетін дәрілердің үнемі кешіктіріліп жеткізілетініне шағымданады. Сондай-ақ, қала дәріханаларында "Тегін" белгісі соғылған дәрілер де сатылады, деп хабарлайды azh.kz.
Қысқасы, тегін дәрімен қамтамасыз ету жүйесі шын мәнінде қалай жұмыс істеп жатыр? Мемлекет іс жүзінде берілген тапсырыстар бойынша қаржы бөле ме? Немесе, керісінше, емханалар бюджеттің осы мақсатқа бөлген қаржы көлеміне сәйкес тапсырыс беруге мәжбүр ме? Бұл туралы өңірлік коммуникациялыр қызметінің брифингінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева: "Иә, бізде бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде дәрілердің жетіспеушілігіне қатысты мәселе бар. Шынында, сатып алуды жоспарлау іс жүзіндегі қажеттіліктерге байланысты болуы тиіс. Біз биыл екі рет талдау жүргіздік, содан кейін жергілікті бюджет қосымша 475 млн теңге бөлді. Ал жалпы облыс биылғы жылға дәрі үшін 1,3 млрд теңге бөлді. Бұл жерде осы жыл ішінде есепке тұрып жатқан жаңа пациенттер үшін қаржы қарастырылмағандығын атап кеткен жөн. Алға қарай мұндай мәселелер туындамас үшін біз операциялық менеджмент енгізе бастадық: медициналық мекемелер өз учаскелерінде жаңа науқастар тіркеле бастаған кезде тиісті ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдайтын болады, - дейді – Екінші бір мәселе – бізге дәрілердің жеткізілуін нақты бақылауға алу керек. Тұрақты тіркелген науқастарды дәрімен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін бізде тапсырма бар. Алайда, бізде мынадай да тәжірибе бар, бұрыннан тіркеуге алынған пациенттерге арналған дәріні жаңадан тіркелгендерге де беріп жатамыз. Өйткені, олар шұғыл арада ем алуға мұқтаж. Осындайда қайта бөлу қарастырылады. Бұл жерде жеткізушімен арада нақты үйлестіру шаралары қажет және бізде ондай келісім бар. Сондықтан да мәселе таяу арада шешіледі деп ойлаймын".
Тегін дәрілердің дәріханалар желісі бойынша сатылуына қатысты М.Аймурзиева тікелей облыстық денсаулық сақтау басқармасына, сондай-ақ, Атырау облысы бойынша фармация департаментіне хабарласуды сұрады.