Қазақстанда халыққа тегін берілетін дәрілік заттардың тізбесі 59 жаңа дәрілік атаумен толықтырылды, деп хабарлайды Денсулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы" бұйрықты бекітті. Аталған бұйрық 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.
Жаңа бұйрықта амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың тізбесі бекітілді. Дәрілердің жаңа тізбесі тиімділігі дәлелденген 59 жаңа дәрімен толықтырылған 256 дәрілік заттардан, оның ішінде 385 дәрілік түрлерінен тұрады. Алдағы уақытта дәрілік препараттармен 2 миллионнан астам диспансерлік науқасты қамту көзделуде.
"Енгізілген өзгерістер мүгедектік деңгейін, әлеуметтік маңызы бар аурулардан өлім-жітімнің көрсеткіштерін төмендетуге бағытталған" , - делінген баспасөз хабарламасында.