Тегін iPhone, сыйлықтар мен жеңілдіктер: алаяқтар қазақстандықтарды жаңа тәсілмен алдап жүр

257

Алаяқтар азаматтарды жалған ұтыс, арзан тауарлар мен сенсациялық хабарламалар арқылы алдауы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тегін iPhone, сыйлықтар мен жеңілдіктер: алаяқтар қазақстандықтарды жаңа тәсілмен алдап жүр Фото: ЖИ

Олар фишингтік сілтемелерді пайдаланып, адамдардың жеке мәліметтері мен банк деректерін иемденуге тырысады. 

Алаяқтар интернет қолданушыларының назарын аудару үшін көбіне кликбейт тақырыптарды пайдаланады. Яғни адамды қызықтырып, сілтемеге өтуге мәжбүрлейтін жалған әрі сенсациялық хабарламалар таратады.

Мәселен, "Тек бүгін iPhone жарты бағамен сатылады", "Жаңа жылға орай тегін сыйлықтар таратылып жатыр" немесе "Бұл әдіс сізді барлық аурудан қорғайды" деген мазмұндағы жазбалар соның мысалы.

Мұндай хабарламалар электрондық пошта, мессенджерлер арқылы немесе белгілі ұйымдар мен интернет-дүкендердің атынан жіберілуі мүмкін.

Бұдан бөлек, алаяқтар бейнежазбаны көру үшін арнайы қосымша орнатуды ұсынуы ықтимал. Алайда оның ішінде зиянды бағдарлама болуы мүмкін. Оны жүктеген жағдайда қаскөйлер құрылғыдағы жеке ақпаратқа қол жеткізіп, тіпті оны қашықтан басқару мүмкіндігіне ие болуы ықтимал.

Фишингтік сілтемеге өтсеңіз не болады?

Пайдаланушы сырттай белгілі жаңалықтар порталына, интернет-дүкенге немесе танымал сервиске ұқсайтын жалған сайтқа тап болуы мүмкін. Онда жеке мәліметтерді, банк картасының нөмірін және төлем ақпаратын енгізу сұралады. Бұл деректер алаяқтардың қолына түссе, оларды ақша жымқыру үшін пайдалануы мүмкін.

Алаяқтық сілтемені қалай ажыратуға болады?

Мамандар мына белгілерге назар аударуға кеңес береді:

* Сайт ұзақ жүктеліп, кейін басқа парақшаға бағыттайды;

* Сілтемеге өткен соң белгісіз файлды жүктеу немесе қосымша орнату ұсынылады;

* Ашылған парақшаның мазмұны сіз іздеген ақпаратқа сәйкес келмейді;

* Сыйлық немесе жеңілдік алу үшін банк деректері мен жеке ақпарат талап етіледі.

Осындай күмәнді белгілер байқалса, сайтты бірден жауып, ешқандай файл жүктемеу және жеке деректерді енгізбеу қажет.

Құрылғыны алаяқтардан қалай қорғауға болады?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға бірнеше қауіпсіздік шарасын ұсынады:

* Қосымшаларды белгісіз дереккөздерден орнатуға тыйым салу;

* Құрылғыға антивирус орнатып, оны үнемі жаңартып отыру;

* Күмәнді жарнамалар мен контентті бұғаттайтын браузер кеңейтімдерін пайдалану;

* Сілтемеге өтпес бұрын сайттың мекенжайын тексеру;

* Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеу.

Мамандардың айтуынша, тым тиімді ұсыныстар, асықтыратын хабарламалар және белгісіз сілтемелерге өту туралы талаптар әрдайым күдік тудыруы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу