Бүгін мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталды. Осы ретте ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің бас имамы Талғат Омаров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қасиетті айда өткізілетін іс-шараларға тоқталып өтті. Бұл туралы e-kyzylorda.gov.kz хабарлайды.
"Биылғы жылы Рамазан айы 29 күнге созылады. Осы қасиетті айда бірқатар қайырымдылық іс-шаралар өткізілетін болады. Рамазан айының алғашқы күнінде халық көп шоғырланатын жерлерде арнайы баннерлер ілінген тегін такси қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, 28 мамыр күні аймақ өнерпаздарымен бірге Жарапазан айтылып, құрма таратылады. Мұнан өзге кәсіпкерлер мен мешіт жамағаттарын тарту арқылы аймақтағы тұрмысы төмен 700 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетіледі" - деді Талғат Омаров.
Жылдағы дәстүрге сәйкес биылғы Рамазан айында да аймақ мешіттерінде тарауих намазы оқылып, ауызашар беріледі.