АҚШ-тың Техас штатында болған су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 82 адамға жетті. Ондаған адамға іздеу жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Керр округінің жергілікті билігі хабарлады.
4 шілде күні Гуадалупе өзені арнасынан шыққан болатын. Аймақта нөсер жауын жауып, салдарынан су деңгейі 8 метрге жеткен. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен. Штат губернаторы Грег Эбботтың мәліметінше, олардың нақты саны одан да көп болуы мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп Керр округін апат аймағы деп жариялаған жарлыққа қол қойды.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, тасқын кезінде зардап шеккен ауданда шамамен 50 мың адам болған.
Штаттың республикалық шенеуніктері апатқа дайын болмаған АҚШ-тың Ұлттық ауа райы қызметін (NWS) сынға алды. Олардың сөзінше, Трамп әкімшілігі жүргізген бюджетті үнемдеу саясаты кесірінен ведомство апат туралы халықты дер кезінде ескертпеген.