Ресейдің "Дружба" құбыры арқылы мұнай тасымалы тағы тоқтап қалды

135

Тәулігіне 2 млн баррель өткізуге қауқарлы "Дружба" құбыры арқылы қазақ мұнайы Еуропаға жеткізіледі.

Ресейдің "Дружба" құбыры арқылы мұнай тасымалы тағы тоқтап қалды Фото: canva.com

Бейсенбіден бері ресейлік насос стансасындағы техникалық ақауларға байланысты Ресей мен Қазақстан мұнайының "Дружба" құбыры арқылы Венгрия, Словакия, Чехия және Германияға ағыны тоқтап қалды. Бұны "Рейтер" агенттігі осы мәселемен таныс төрт адамға сілтеме жасап хабарлап отыр.

"Дружбаның" ресейлік операторы "Транснефть" "Рейтердің" түсініктеме беру туралы сұрауына бірден жауап бермеген.

Беларусьтің "Белнефтехим" болса, БЕЛТА ақпарат агенттігіне мәлімет беріп, "Дружба" арқылы мұнай тасымалының үзілгенін растады. Сонымен қатар, "Белнефтехим" өзінің мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын қолдау үшін резервтегі мұнай қорын пайдаланып жатқанын жеткізген.

Көпшілік алдында сөйлеуге рұқсаты болмағандықтан аты-жөнін атамауды өтінген дереккөздердің айтуынша, "Транснефть" компаниясы "Унеча" насос станциясындағы ақауды Беларусь шекарасынан 70 шақырымдай жердегі Ресейдің Брянск облысында анықтап отыр.

Тоқтағанға дейін бұл құбыр тәулігіне 300 000 баррель энергетикалық шикізат тасымалдап тұрыпты.

Дереккөздердің мәліметінше, бұл ақау Ресей мұнайын Беларусь пен Еуроодақ елдеріне жеткізу жұмыстарына кері әсер еткен. Дегенмен, Ресейдің батыс порттары – Новороссийск, Усть-Луга және Приморсктен шикізат жүктеу процесіне зиян тимеген. Бірақ, дереккөздердің бірі айтқандай, енді мұнай "Дружбадан" порттарға бағытталуы ықтимал.

Тағы бір мәліметке қарағанда, бұл мәселе бір-екі күнде шешілуі мүмкін. Бірақ мұнай тасымалы айдың соңына дейін тоқтатылады деген болжам тағы бар.

Словакия мен Венгрия Ресей мұнайына тым тәуелді. Сондықтан, Еуропалық Одақ бұл екі елге Ресейден көмірсутегін импорттауды жалғастыруға рұқсат беріп отыр.

Өзінің мұнай өңдеу зауыттары үшін ресейлік мұнайды аса қажет ететін венгриялық MOL компаниясы жұма күні ағынның бірнеше күннен кейін қайта басталуы мүмкін екендігі туралы ақпарат барын және бұл үзілістің аймақтың жеткізілім қауіпсіздігіне әсер етпейтінін атап өтті.

Чехиялық мұнай өңдеуші Orlen Unipetrol компаниясы болса, "қазіргі уақытта "Дружба" құбыры арқылы шикі мұнай үздіксіз жеткізіліп жатыр" деп мәлімдеген.

Насос станциясындағы проблеманың себебі әзірге түсініксіз. Қазақстан болса, Украина әскерінің 11 желтоқсанда Брянск облысындағы мұнай инфрақұрылымына жасаған шабуылы "Дружба" арқылы мұнай жеткізуге әсер етпегенін ескерткен еді.

Сонымен қатар, еліміздің Энергетика министрлігі бүгінгі таңда қазақстандық мұнайды "Дружба" арқылы жеткізуге қатысты алаңдаушылық жоқ деп мәлімдеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу