Тек биылдың өзінде 1,7 мың әйелге жатыр мойнының қатерлі ісігі диагнозы қойылған

2004

Жыл сайын елімізде 650 әйел жатыр мойнының қатерлі ісігінен көз жұмады. 

Тек биылдың өзінде 1,7 мың әйелге жатыр мойнының қатерлі ісігі диагнозы қойылған

Онкология институтының дерегі бойынша, елімізде жыл сайын 650 әйел жатыр мойнының қатерлі ісігінен көз жұмады. Тек биыл ғана Қазақстанда 1700 әйелге осындай диагноз қойылған, деп хабарлайды 24.kz.

Астаналық Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары бұл мәселені кешенді түрде ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін халықтың скринингтік тексерумен қамтылуы арқылы шешуді ұсынады.

"ӘМСҚ" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаровтың айтуынша, биыл скринингтік зерттеулерге 214,8 млн теңге қаражат бөлінді. Қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығын күтуге мүмкіндіктері бар, мысалы, диспансерлік есепте тұрмайтын 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына тегін тексеріле алады.

ДДСҰ мәліметі бойынша, 2015 жылы әлемде 517 мың адам сүт безі обырынан көз жұмған. Бүгінде Қазақстанда да бұл көрсеткіш өте жоғары. Дамыған елдерде онкологиялық сырқатқа шалдыққан әйелдердің 80%-нің ауруы ерте кезеңде анықталады және дер кезінде емделеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда әйелдердің 23% ғана скринингтен өтеді.

"Көбінесе әйелдер қол тимеуді себеп қылып, денсаулықтарын кейінге қалдырып жатады, – дейді Н.Қабдықапаров. – Ауру асқынған кезде анықталғанда, әсіресе онкологиялық дерттерді алатын болсақ, терапиялық емді қабылдауы күрделі болады. Дәл осындай жағдайлардың соңы көбінесе өліммен аяқталатыны белгілі. Сондықтан аурудың асқынуына жол бермей, үнемі қадағалап тұру қажет".

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде бұрын сүт безі ісігімен ауырмаған 40-70 жас аралығындағы әйелдер скринингтен өтуге құқылы. Скринингтік тексеруді олар екі жылда бір рет тегін өте алады. Жүкті әйелдер мен көпбалалы аналардың жыныстық жолмен таралатын инфекцияларға анализдерді де тегін тапсыруға мүмкіндігі бар.

Жоғарыда айтылған мәліметтер туралы толығырақ ақпаратты учаскелік емханалардан алуға болады.

Естеріңізге сала кетсек, елімізде емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Аталған науқан 15 қарашада аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу