Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын көшкін қаупі туралы ескертеді.
"Қазіргі уақытта Алматы тауларында "дымқыл" қар көшкіні түсіп жатыр.
Синоптиктердің мәліметінше, Алматы тауларында жауын-шашынның салдарынан қар жамылғысының тұрақсыздығы байқалады. 6 сәуірден 11 сәуірге дейін Шымбұлақта 100 мм жауын-шашын, Үлкен Алматы көлінде 106 мм жауын-шашын түсті. Мамандар көшкін қаупінің жоғары (қызыл) деңгейі туралы ескертеді", – деп хабарлады ТЖД.
Тек соңғы екі тәуліктің ішінде Алматы тауларында өздігінен 10 рет жалпы көлемі шамамен 183 мың текше метр қар көшкіні жүрді.
Алматы қаласы полиция және төтенше жағдайлар департаменттері, "Қазселденқорғау" қызметкерлері блокпосттар қойды, қабылданған шаралардың арқасында зардап шеккен адамдар тіркелмеді. Қар көшкінінің көп бөлігі адам өтпейтін жерлерге түсіп, таулардың баурайында тоқтады", – деп хабарлады ТЖД.
ТЖД мен "Қазселденқорғау" алматылықтар, туристер және мегаполис қонақтарын Қазгидромет РМК-ның жауын-шашын туралы болжамына байланысты тауға шықпауға шақырады.
"Сондай ақ тауда қалған туристерден барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз! Егер сізге көмек қажет болса, 112, 109 немесе 8(727) 372 -15-60 ("ҚР ТЖМ РОСО" ММ кезекші-диспетчерлік бөлімшесіне) қоңырау шалыңыз. Халықты ақпараттандыру үшін Медеу, Алмарасан, Аюсай бекетінде, экопосттарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп жазылған хабарламада.