Тексерістен кейін 96 ем-шара кабинеті жұмысын тоқтатты

305

Жамбыл облысында денсаулық сақтау нысандарындағы бақылау күшейтілді.  

Тексерістен кейін 96 ем-шара кабинеті жұмысын тоқтатты Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Соңғы екі жылдың ішінде Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау ұйымдарына жүргізілетін бақылау шаралары айтарлықтай күшейтілген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір медицина қауымдастығымен өткен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрдің айтуынша, жүргізілген тексерулер нәтижесінде 96 ем-шара кабинеті өз қызметін тоқтатқан, олардың 56-сы лицензиясыз жұмыс істеген. Сонымен қатар 135 стоматологиялық клиникаға тексеру жүргізілген.

Ведомство басшысы халықтан түсетін өтініштердің саны артқанын да атап өтті. Өтініштердің басым бөлігі медициналық ұйымдардағы қызмет сапасы мен жұмысты ұйымдастыруға қатысты шағымдарды қамтиды.

Кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағытындағы жұмысын күшейтуді, онкологиялық қырағылықты тұрақты бақылауда ұстауды және туберкулездің алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды.

Сондай-ақ диагностикалық зерттеулердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, өңірде колоноскопиялық зерттеулердің сапасын жақсарту, колоректальдық обырды ерте анықтау үшін гемокульт-тесттерді кеңінен енгізу, ПАП-тесттер мен маммографиялық тексерулердің сапасын арттыру міндеті қойылды.

Туберкулездің алдын алу мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл бағытта науқастармен байланыста болған балаларды профилактикалық еммен 100 пайыз қамту және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мақсаты тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу