Медиа нарыққа негізгі 5 өзгеріс керек. Оның алғашқысы қазіргі ақпараттық соғыс кезеңінде салаға мемлекеттің бет бұруы. Алматыда өткен "Медиа өлшем. Телезивия нарығының өзекті мәселелері" конференциясында "Атамекен бизнес" Медиа холдингінің бас директоры Қанат Сахария осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сөзінше, нарықта әлі де болса бәскелестік жоқтың қасы. Сондай-ақ, жиын барысында телеарналар рейтингіне қатысты халықаралық аудит жүргізілетіні айтылды.
"Келіп түскен мәлімет қай жерге келіп түседі оның қауіпсіздігі қандай оны тексереді. Ол мәліметті обработка жасаған кезде қандай қателіктер жіберіліп, әлде қателік емес әдейі өзгерістер енгізеді ме екен соны да тексереді. Соның барлығын жүйелеп басынан бастап тексеріп шығады", - деді Ұлттық медиа қауымдастығының жетекшісі Кемелбек Ойшыбаев.
Жауапты министрлік тіпті, заңнамаға "Медиаөлшем" деген түсінікті енгізуге ниеттеніп отырған көрінеді. Ал, рейтингті анықтаудың өзі келесі жылы өтеді. Оның статистикасы басқаша болуы әбден мүмкін. Өйткені, бұған дейінгі рейтинг тек ірі қалалардың көрермендері арасында жүргізілді.
"Медиа өлшеу деген ашық болу керек. Медиа өлшеу дегеніміз барлық каналдардың мүдделерін қорғау керек. Және барлық каналдар бұған келісу керек. Қазіргі таңда өкінішке орай кейбір әріптестеріміз медиа өлшеу науқанына, қортындысына күмән келтіреді. Бұл біз үшін үлкен мәселе", - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов.
Сондай-ақ, жиында телеарнадағы жарнама мәселесі де қозғалды. Қазіргі уақытта нарықтағы жарнаманың көлемі 35 миллиард теңге төңірегінде. Бүгін бас қосқандар енді кез-келген жарнамалық ролик ең алдымен мемлекеттік тілде түсірілу қажет деген тоқтамға келді. Телезивия саласындағы менеджерлер мен сарапшылардың басын қосатын жиын осымен 2 жыл қатарынан өткізіліп келеді.