"Телефонымды сындырып, қолымды қайырды"

1337

Шымкенттік шенеуніктің үстінен қызметкері арыз жазды.

"Телефонымды сындырып, қолымды қайырды"

Спорт мектебі қызметкерінің айтуынша, бұл оқиға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары мен басқарма басшысының құрылыс нысанына жасаған сапары кезінде орын алған.

Шымкентте №3 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің нұсқаушысы қазіргі таңда денсаулығына байланысты еңбек демалысында. Сөзінше, оған спорт басқармасының басшысы қол жұмсаған.

"Осыдан бірнеше күн бұрын біздің мектепке қала әкімінің орынбасары және спорт басқармасының басшысы тексеріп келді. Сол кезде біраз адам ұялы телефонымен түсіріп жүрді. Мен де түсірдім видеоға. Басқарма басшысы қолымдағы телефонды жұлып алып (түсірме деп), қолымды қайырып, балағаттады. Мен жабық жарақат алдым. Енді қараңыз, бастық деп қызметкерлерін ұра беруге бола бере ме сонда? Ар-намысыма тиетін сөздер айтты", – деген спорт мектебінің нұсқаушысы Бағлан Сатыбалдиев басшының үстінен полицейлерге арыз түсіргенін айтты.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігімен іс қозғалыпты.

Шенеуніктердің мектепке келуіне ондағы екі бассейндегі күрделі жөндеу жұмыстары себеп болыпты. Оған қазынадан 62 млн теңге қаралған. Маусым айында келісімшарт жасалып, мердігер 60 күн ішінде құрылысты тапсыруы керек болған. Бірақ бірнеше ай болса да, жұмыс кешеуілдеп созбалаңға салынған. Алайда мердігер мекеме тарапынан тапсырыс берушіге (автор: спорт мектебі) қатысты жергілікті билікке шағым түскен. Олар атқарылған жұмыстарының ақшасын ала алмай отырмыз деген екен. Тапсырыс беруші құрылыс басталғалы бері сметаны мың құбылтты деп отыр. Құжатта не бар, соны артығымен істеп жатырмыз деген ол жұмыстың созылуына карантин кесірін тигізгенін алға тартады.

"Бәрін толығымен бітір дейді. Содан кейін аласың дейді. Ал бізде "промежуточный акт выполненных работ" жүреді құрылыста. Біз мысалы бір бөлігін бітірдік па, соны біз формаға салып әкеп береміз. Келісім солай", – деді мердігер компания өкілі Тимур Сүгірбаев.

Қалалық спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов қаржыға тірелген құрылыстың қарқынын қадағалауға қала әкімінің орынбасарымен бірге мектепке барған. Тексерушілерге түйткілді мәселені жеткізген мектеп басшылығы болса, ақшаны бөлшектеп аударғанымыз үшін шенеуніктер ортаға алды дейді. Спорт мектебі директорының орынбасары Жиенбай Пірәлиев атқарылған жұмыстарға кезең-кезеңімен ақша аудардық деп отыр. Ал әлі атқарылмаған жұмысқа ақша аудару заңға қайшы дегенді алға тартады. Онымен қоймай, жұмыстың сапасы да сын көтермейді дейді.

"Формасын береді жұмысына сәйкес, 20 млн теңге ақша аударып қойдық. Негізі бұл кесте бойынша 62 млн-ның бәрін алып, график бойынша жұмысты өткізіп кетіп қалуы керек еді. Бұның жұмысының қазір 40 пайыздан асқан шығар, бірақ барлық жұмыстарын қайта істеу керек", – деді Жиенбай Пірәлиев.

Басқарма басшысы Олег Почивалов бұл жағдайға қатысты өз нұсқасын айтты. Ал қызметкерінің үстінен түскен арыз бойынша полицейлер тарапынан ешқандай хабарлама болмады дейді және де нұсқаушының айтқан сөзін жоққа шығарып отыр. Себебі оның өзінде де оқиғаның видеосы бар және сот кезінде оны дәлел ретінде ұсынуға дайын. Бірақ ол видеоны тілшілерге көрсетуге қарсылық білдірді.

"Мердігер тарапынан келіп түскен шағым бойынша спорт мектебіне бардық. Өйткені бізге жөндеу жұмыстарын жүргізуші мекеме мектеп басшылығы жұмысты уақытында тапсыруға кедергі келтіріп, жасалынған жұмыстың ақшасын бермей отырғанын айтты. Мән-жайды шешпек болдық. Бұл – конфликтті жағдай. Әлдекім ұялы телефонына түсіріп жатқанын байқадым. Кейін білдім, ол сол мектеп қызметкері екен. Ешкім ұялы телефонды сындырған жоқ, балағаттаған да жоқ. Бізде де видеожазба бар. Бірақ сіздерге емес, сот талқылау кезінде көрсетеміз. Мен де өз құқымды қорғаймын. Негізі бұл жерде біздің рұқсатымсыз видеоға түсіріп және оны желіге жариялау да заңсыз" – деп ақталды Олег Почивалов.

Айтпақшы, №3 спорт мектебі директорының орынбасары көпшіліктің көзінше басқарма басшысы "Замолчи" деп дөрекі сөйлеп, намысыма тиді дейді. Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері департаментіне арыз тастағанын айтады. Ал шенеунік бұл жайтты да жоққа шығарды.

Айта кетейік, шенеуніктердің спорт мектебіне жасаған сапары мен ондағы орын алған жағдай әлеуметтік желілерде тарап кеткен болатын.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу