Telegram "қоқыстан" тазарып, хат алмасу алаңына айналады деп ойлаймыз – Қанат Сахариянов

270

Қолданушылардың құқығын қорғау деген желеумен әлем­дегі ең "жабық" желіге айналған Telegram мессенджері мемлекеттердің талабына ақыры көндігіп, өзінің құпия­лылық саясатын өзгертетін болды. 

Telegram "қоқыстан" тазарып, хат алмасу алаңына айналады деп ойлаймыз – Қанат Сахариянов Фото: inbusiness.kz

Бұдан былай билік тара­­пынан тиісті сұратулар болған жағдайда заңға қайшы әрекет жасаған, қосымшаны қолдану ережелерін бұзған арна­лар мен боттардың IP-мекенжайлары, сондай-ақ телефон нөмір­лері құқық қорғау органдарына берілмек. Бұл туралы 23 қыр­­күйекте цифрлық платформаның негізін қалаушы Павел Дуров мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Telegram-дағы іздеу жүйесі басқа қосымшаларға қарағанда әлдеқайда дамыған, ол қолданушыларға жал­пыға қолжетімді арналар мен боттарды табуға мүмкіндік береді. Өкі­нішке қарай, кейбір адамдар заңсыз тауарларын сату мақсатында біздің ережелерімізді бұзып, осы функция­ны теріс мақсаттарына пайдаланып кетті", – деді П.Дуров кейінгі бір­неше аптада арна­йы модераторлар командасы жасанды интеллектіні пай­далану арқылы заңға қайшы контенттің бәрін бұғаттап, іздеу жүйесін қауіпсіз етуге күш салып жатқанын еске салып.

Telegram басшысы бұл қабыл­дан­ған шешім қылмыскерлердің теріс әрекетіне тосқауыл қоятынын, сондай-ақ қосымшаның жағымды имиджін сақтап қалатынын айта келе: "Іздеу жүйесі заңсыз тауар­ларды өткізуге емес, достар мен жаңалықтарды табуға арналған. Біз теріс пиғылдылардың мил­лиард­қа жуық қолданушысы бар плат­фор­мамыздың имиджіне нұқсан келтіруіне жол бермейміз", деді.

Қазір әлемде бұл өзгерісті қол­даушылар да, оған қарсы шық­қандар да баршылық. Батыс сарапшыларының айтуынша, модера­тор­лардың қауіпті контентті қол­же­тімсіз қылып қоюы жеткі­ліксіз. Мәселен, Стэнфорд университеті (Калифорния, АҚШ) Интернет және қоғам орталығының сарапшысы Дафна Келлер заңсыз контентті жасырып қою оның кейін қайтадан пайда болуына жол ашатынын, сондықтан платформадан толықтай өшірілуге тиіс екенін айтады. Ал Торонто университеті (Канада) Азаматтық зертханасының маманы Джон Скотт-Рейлтонның пікірінше, бұл өзгерістер Telegram-ды саяси пікірталас үшін пайдалу құралы етіп, сөз бостандығын шектеуі мүмкін.

"Плат­форманы өзінің сая­си көз­қарастарын ашық білдіруге қолданатын адамдар Telegram әкім­шілігі тоталитарлық режімдер билігімен ауыз жаласады деп қауіп­тенеді", – дейді ол.

П.Дуровтың мәлімдемесінен кейін EQ тілшісі Ескендір Зұлқайнар осы төңірегінде еліміздің мемлекеттік ор­гандары мен сарапшыларымен тілдескен. Медиаменеджер Қанат Сахария желіде отырған қылмыскерлердің IP-мекенжайларын құқық қорғау органдарына беру шешім есірткі сату мен фейк ақпарат тарату секілді келеңсіздіктерге тосқауыл болып қана қоймай, Telegram мессенджері­нің одан әрі дамуына зор ықпал ететінін жеткізді.

"Екі жыл бұрын Польшада өткен конференцияға қатыс­қа­ным­да, ол жердегі халықтың Telegram желісін мүлдем пайдаланбайтынын көріп таңғалғаным бар. Сөйт­сем, қылмыскерлер үйір келетін платформа Еуропада аса танымал емес екен. П.Дуровтың кешегі мәлімдемесі дұрыс шешім болғанына шүбә жоқ. Бұдан былай Telegram қаптап кеткен анонимді "қоқыстан" тазарып, хат алмасу мен коммуникацияның саламатты алаңына айналады деп ойлаймыз. Жалған ақпарат тарататын фейк арналардың қоғамға қаупі есірткі тарататын арналардан кем емес. Өйткені ол "халық сенімі" секілді базалық ұғымға көлеңкесін түсіреді. Бұрмаланған ақпаратпен жұрттың миы уланғаннан кейін олар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына да сенуден қалады. Шындық пен өтіріктің ара-жігін айыра алмайды", – дейді Қ.Сахария.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­­кәсібі министрлігі Ақпарат­тық қауіп­сіздік комитеті төраға­сының орынбасары Үмітжан Арық­бе­ко­ваның айтуынша, министр­лік цифрлық платформалармен бекем байланыс орнатқан. Соның ішінде Telegram-ның біздің елімізге жауапты өкілімен келісіп, онымен тікелей байланысуға болатындай Мәдениет және ақпарат министрлігіне жағдай жасағанын айтады. Егер желі арналарында заңға қайшы ақпарат тара­лып жатса, оларды бұғаттау жұ­­мысымен Мәдениет және ақпа­рат министрлігі айналысатынын жеткізді.

Дегенмен мәселе толыққанды шешімін тапты деуге келмейді, мысалы, бізде Telegram ар­на­ларда өршіп тұрған есірткі таратуды қарастырайық. Астана қаласы Полиция де­пар­таменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне қарағанда, тәртіп сақшылары есірт­кі сататын арнаны анықтаған жағдайда оны Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұғаттау үшін жолдайды екен. Бірақ арнаны жапқанмен артынша ол басқа никнейммен қайтадан пайда болып, жұмысын жалғастыра береді. Бұрынғы жазылушылары да өшіп кетпейді. Егер шын мәнінде арна иелерінің IP-мекенжайлары мен телефон нөмірлерін білу мүмкіндігі туса, бұл есірткі сату секілді қыл­мыс­ты жасап жүргендерге қарсы қуатты соққы болар еді.

"П.Дуровтың жасаған мәлім­де­сесі – әзірге сөз жүзінде ғана берілген уәде. Бұл жөнінде әлі нақты ешқандай шешім қабыл­дан­ған жоқ. Осы әлеуметтік желіде тек есірткі ғана емес, адам саудасы, терроризм, порнография тарату секілді көптеген құқық бұзушылық жасалады. Дегенмен қазірдің өзінде Telegram-дағы анонимді арналар өз контентін таза­лап жатыр. Өйткені олар ертеңгі күні IP-мекенжайлары ар­қылы ұсталатынын жақсы біледі. Telegram шетелдік платформа бол­ғандықтан, алдымен еліміздің тиісті органдары олармен байланыс орнатуы керек. Қазіргі күні полиция еліміздегі халық көп тұтынатын жарнама жасаушы цифрлық платформалармен жұмыс істейді. Ол жерде заңға қайшы мәлімет шығатын болса, бұғаттай аламыз. Telegram-да осындай әрекетті жасау үшін алдымен нақты халықаралық келісім болуы керек", – дейді қалалық ПД баспасөз қызметінің мамандары EQ тілшісіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу