Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғындары өткен аптаның үш күнінде тағы да жылусыз қалды.
Жергілікті 2-ЖЭС орталығында үш қазандық істен шығып, тұрғын үйлерге жылу берілмеді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 2-ЖЭС орталығындағы ақаудың салдарынан қаңтардың 11, 12, 13 күндері №1, 3, 5 жылу қазандықтары апатты жағдайда жұмысын тоқтатты.
Айта кетейік, Теміртау қаласындағы үйлердің 90% жылуды 2-ЖЭС-тен алады.
"11.01.2017 ж. сағат 17.40-та №5 қазандық кешенін бу қыздырғыштың шамадан тыс қызып кетуі салдарынан апатты жағдайда тоқтатты. №5 қазандық кешені 14.01.2017 ж. сағат 06:00-де қайта іске қосылады. 12.01.2017 ж. сағат 22.20-да №3 қазандық кешенінің экранында ақау пайда болуына байланысты апатты жағдайда жұмысын тоқтатты. 13.01.2017 ж. сағат 13:15-те №3 ҚК қыздыруға қойылды және 13.01.2017 ж. сағат 19:00-де жұмысқа қосылады деп жоспарлануда. 13.01.2017 ж. Сағат 09:15-та су жіберу сальниктерінде ақау пайда болуына байланысты №1 қазандық кешенінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Жөндеу жұмыстарының уақыты 14.01.2017 ж. дейін жалғасады. Қазіргі таңда үш қазандық (№2,4,6), үш турбогенератор (№1,2,4), алты негізгі бойлер, №6 қосымша қазандық жұмыс істеп тұр. 13.01.2017 жылғы сағат 16.00 жағдайға байланысты ЖЭС-2 жылу тасмалдағышының атмосфералық қысымы 8,8/2,0 көрсетуде. Кесте бойынша сырты ауа температурасы "-1 2ºС" болғанда ЖЭС-2 қысымы 84/51 ºС болуы керек, факт бойынша 6 9 /42ºС", – делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарын жылумен қамту жолға қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер министрі Бақытжан Сағынтаев 2016 жылдың 27 желтоқсанында өткен Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековты Теміртау қаласының жылу маусымына толық дайын болмағаны үшін сынаған болатын. ЖЭС-2 жұмысында орын алған ақаулардың себебінен металлургтар қаласындағы тұрғын үйлерде жылу 12 градусқа дейін төмендеген. Облыс әкімі Үкімет мүшелерін 30 желтоқсан күні жағдай қалпына келеді деп сендірген болатын.
Уәдеге сай, 30 желтоқсанда Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов Теміртау қаласының жылу маусымына дайындық барысы туралы кеңес өткізді.
Отырыста "АрселорМиттал Теміртау" АҚ жөндеу жұмыстары жөніндегі директорының, жылумен қамту ұйымы директорының және қала әкімдігінің Теміртау қаласындағы жылу маусымын өткеру жөніндегі есептері тыңдалып, нақты тапсырмалар берілген болатын.
Облыс басшысының қадағалауында тұрғанына қарамастан, Теміртау қаласындағы жылу жүйесі тағы да апатты жағдайда жұмысын тоқтатты. Шенеуіктердің уәдесіне қарамастан, қалада жылу әлі тұрақты берілген жоқ дейді тұрғын.
"Жаңа жылдың алдында да мұндай апат болып, жылусыз қалған болатынбыз. Соңғы екі-үш күнде 1-ықшам аудандағы үйлер мүлдем суып кетті. Батарейді ұстасаңыз болмашы ғана жылу сезіледі. Үйде отырғанда кәдімгідей тоңасыз. 5,6,7 ықшам ауданда тұратын туыстарымыздың үйінде де салқын. Бүгін жылу беріледі деген", – дейді қала тұрғыны Нұрлыхан Қалқаманұлы.
"Қаланы жылумен қамтамасыз ету штатық режимде жүргізілуде. Қаланы жылумен қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынған", – дейді әкімінің баспасөз қызметі.