Теміртауда оқушылар арасында өткен соңғы олимпида қаладағы дарынды балалар санының көптігін көрсетті, осыған байланысты Теміртау қаласында мамандандырылған мектептің құрылысы басталды, деп хабарлайды inform.kz.
Теміртау қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Аймангүл Садықованың айтуынша, Қарағанды облысының бюджетінен мектептің құрылысына қаржы бөлінді.
"Дарынды балаларға арналған мектептің құрылысына 460 млн 800 мың теңге бөлінді. Ол 600 балаға арнап салынады", – дейді Аймангүл Садықова.
Бұл мекеме қаладағы тоғызыншы шағын ауданда бой көтереді. Қазір билік салынғалы жатқан ғимаратты жылу жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатыр. Соңғы жылдары олимпиада нәтижелері көрсеткендей, көптеген оқушы түрлі пәннен білім деңгейінің жоғары екенін дәлелдеп келеді. Әсіресе, №5 білім ошағы мен лицейде білім алып жатқан дарынды балалардың саны өте көп.