Теміртауда мұз астынан балық аулаудан әлем чемпионаты басталды

862

Теміртауда мұз астынан балық аулаудан әлем чемпионаты басталды

Наурыздың 13-17-і аралығында Теміртау қаласындағы Самарқанд су қоймасында мұз астынан жалтырауық қармақпен балық аулау бойынша әлем чемпионаты өтеді. Ең үздік балықшы атағына 13 елден келген қатысушылар таласатын болады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі. 
Турнирге Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Эстония, Литва, Латвия, Польша, Финляндия, Норвегия, Швеция, Моңғолия және АҚШ елдерінің өкілдері жиналды. 
"Чемпионатты өткізу құқығына екі ел таласқа түсті: Болгария және Қазақстан. Қорытынды шешім өткен жылдың наурыз айында қабылданған болатын. Негізгі критерий су қоймасында балықтың болуы, сондай-ақ қолжетмді арақашықтықта инфрақұрылымның болуы шарт еді. Сондықтан біздің Самарқанд су қоймасы жақсы келді", - дейді Қарағанды облысының балық аулау спорт федерациясының төрағасы Жанат Дүйсембаев. 
Қазақстанның құрама командасына алты адам енді. Ол үшін оларға алдын ала бес іріктеу кезеңінен өту керек болатын. Басқа елдердің командалары да алты балықшыдан құралған. Чемпионат талаптары бойынша олар екі күн қатарынан Самарқанд су қоймасының түрлі бөліктерінде сайысатын болады. Балық аулау үзіліссіз үш сағат бойы жалғасады. Сайыстың барлық ережелерінің сақталуын 15 төреші бақылайды. Олардың оны – қазақстандықтар, бесеуі – басқа елдердің өкілі.
Қазылар алқасы екі күнде ауланған балықтың жалпы салмағын тіркейді. Ең көп балық аулаған үш команда және үш жеке есептегі балықшылар жеңімпаз атанады. Оларды медальдармен және кубоктармен марапаттап, демеушілер тарапынан берілген сыйлықтар табыс етіледі.  
Қазақстанда мұндай чемпионат бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. 2012-ші жылы әлемдік біріншілікті Қапшағай су қоймасында өткізген болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу