Теміртаудағы өндіріс орындарына газ тарту жөніндегі келісімге қол қойылды

656

Металлургиялық комбинаттың газға қосылуы – аймақтағы экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етпек.

Теміртаудағы өндіріс орындарына газ тарту жөніндегі келісімге қол қойылды

Энергетика министрлігі "АрселорМиттал Теміртау" АҚ және "ҚазТрансГаз" АҚ Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатқа табиғи газ тарту жөніндегі меморандумға қол қойды.

Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевтің айтуынша, металлургиялық комбинаттың "Сарыарқа" магистральді газ құбырына қосылуы қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшерін азайтып, өңір экологиясына жағымды әсер етпек.

"Осы меморандум аясында "АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамына жылына 300 млн шаршы метрден 600 млн шаршы метрге дейін жететін 15 жылдан кем емес мерзімге тауарлық газ жеткізу жөнінде ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр. Металлургиялық комбинаттың табиғи газға көшуі қоршаған ортаға бөлінетін эмиссия көлемін жылына 6 640 тоннадан 49 230 тоннаға дейін қысқартады. Бұл аймақтағы экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді", – деді энергетика вице-министрі. 

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Биджу Наирдің сөзінше, 2024 жылға дейін кәсіпорынның 30%-ы экологиялық таза өндіріске көшпек.

"Қазақстанның экономикасы мен экологиясына оң әсер ету үшін қысқа мерзім ішінде осы отын түріне көшуіміз керек. Бұған дейін біз өндірісте табиғи газды пайдаланған емеспіз. Бұл қазіргі таңдағы ең таза әрі қолжетімді отын болғандықтан, көмір мен мазуттың орнына газ пайдаланатын боламыз. Ол үшін өндірісті оңтайландырып, қайта құрылымдау қажет. Мақсатымыз – 2024 жылға дейін 30% экологиялық таза өндіріске көшу. Бүгінгі меморандумға қол қою – осы жобаны жүзеге асырудағы алғашқы қадамымыз", – деп түсіндірді Биджу Наир.

"ҚазТрансГаз" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Сулейманов Теміртау қаласының тірегі болып отырған кәсіпорынның табиғи газға қосылуы – құптарлық іс екенін баса айтты. 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу