Қазақстан бойынша трамвай жүретін үш қала бар. Соның бірі - Теміртау қаласы. Мұнда 1959 жылдан бастап бұл қоғамдық көлік іске қосылған. Алайда бүгіннен бастап ол жұмысын тоқатты.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының ресми мәліметінше, "вагонның 600 метр сымын белгісіз біреулер ұрлап кеткен". Салдарынан, парк басшылығы жұмысты тоқтатуға мәжбүр болыпты. Алайда, жергілікті жұрт бұл сылтаудың соңы трамвайлардың түбегейлі тоқтауына әкеп соға ма деп алаңдаулы.
"Біз қазір трамвай паркін алып тастасақ, онда қоғамдық көліктің жүрісі бұзылады. Бұл вагондар автобус бармайтын жерлерге барады. Зауыттың жұмысшыларына жаяу жүруге тура келеді. Теміртау халқы оның тоқтап қалуына жол бермейді", дейді Тұрғын Ольга Пекарская.
Қазір трамвай паркінде сарапшылардан құралған комиссия өз жұмысын бастаған. Қоғамдық көліктің алдағы тағдыры тек техникалық тексерістер нәтижесінен соң белгілі болады. Осылай деген "АрселорМиттал Теміртау" ЖШС-нің өкілі, паркті жергілікті биліктің балансына беруге дайындап жатқанын айтты.
"Соңғы он жыл іішінде трамвай депосы тиімсіз болып кетті. Жол ақысы төмен. Оның үстіне "АрселорМиттал Теміртау" қызметкерлері тегін жүреді. Ал, парк жұмысын реттеу үшін көп қаржы қажет. Трамвай вагондарын толығымен ауыстыру қажет, өйткені олардың қазіргі жағдайы тиісті деңгейге сай емес", дейді "ТАА" ЖШС жетекшісі Нұрлан Рысбеков.
Ал, Теміртау қаласы әкімінің сөзінше, "билік паркке жасалатын жөндеу жұмысының нақты құнын білмейінше, өз балансына ала алмайды.
Бүгінде құрышты қалада қоғамдық көлік жолаушыларды 14 бағыт бойынша тасымалдайды. Ал, трамвай тағдыры қалай болады? Бұл туралы компания өкілдері де ашып айта алмай отыр.