Қазақстанда Қытайдан Еуропаға бағыт алған жүк тиелген теміржол контейнерлерінен ірі көлемде ұрлық жасағандар анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қылмыстық істің мән-жайын Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, полицейлер алдын ала сөз байласқан Абай облысының 4 тұрғынын анықтаған.
Ер адамдар Қазақстан аумағы арқылы Батыс Еуропа елдеріне қымбат электроника тасымалдаған жүк пойыздарының контейнерлеріне бірнеше рет заңсыз кірген.
Бір контейнерден мыңнан астам ноутбук ұрланған
Ірі ұрлық оқиғаларының бірі 2025 жылдың мамыр айында Жетісу облысындағы Торпалды теміржол станциясында болған.
Қытай – Польша халықаралық бағытымен келе жатқан контейнерден 1019 ноутбук ұрланған. Ұрланған техниканың бір бөлігі Алматыда сатылған.
Ноутбуктерден бөлек, қылмыстық топ мүшелері ойын приставкаларын да қолды еткен.
"Ұрлық салдарынан жүк тиесілі компанияларға жалпы сомасы 632,9 млн теңге материалдық залал келтірілді", – деді Теміржан Рамазанов.
Ұрланған техниканың бір бөлігі табылды
Тергеу барысында көлік полицейлері тергеу және жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктілерді анықтады. Сондай-ақ ұрланған электрониканың бір бөлігін тәркіледі.
Полицияның мәліметінше, жиналған дәлелдер төрт күдіктінің де бірнеше ұрлық оқиғасына қатысы бар екенін анықтауға мүмкіндік берген.
Сот 4 ер адамға үкім шығарды
Қылмыстық істі Жетісу облысының Алакөл аудандық соты қарады.
Сот төрт айыпталушыны аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
"Оларға 6 жыл 7 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.