Теміржол көпіріне миллиондаған теңгеге жарықтандыру мен экран қою қаншалықты қисынды?

Бұл сауалды жемқорлыққа қарсы күресіп жүрген белсенділер жергілікті әкімдікке жолдады.  

Теміржол көпіріне миллиондаған теңгеге жарықтандыру мен экран қою қаншалықты қисынды? Фото: Асхат Аманбеков

Павлодар қаласының әкімдігі биыл бюджеттен 134 млн теңгеге жуық қаржы қарастырып, бұл сомаға теміржол көпірін жарықтандыруды әрі онда үлкен LED-экран орнатуды жоспарлаған-ды. Алайда мұндай мемлекеттік конкурстың жарияланғанын білген белсенділер бұған наразылық танытты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Осыдан біраз уақыт бұрын мемлекеттік сатып алулар сайтында жаңа тапсырыс пайда болды. Ол Павлодар қаласы әкімдігінен түскен. Соған сүйенсек, жергілікті билік Ертіс өзені арқылы өтетін теміржол көпірін әрлей түсуді қалаған. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Бірақ мұндай жұмысқа қазынадан 134 млн теңге қарастыру қисынға келмейтін сыңайлы. 

Мұны "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Нұргүл Қайырденова да алға тартып, "Қазақстан Темір жолы" Ұлттық компаниясы "Магистральдік желілердің павлодарлық бөлімі – Павлодар жолы" мекемесіне тиесілі көпірді бюджеттік қаржы есебінен қомақты ақшаға әрлеуге наразылық білдірді. Өзге қоғам белсенділері де мұндай істің атқарылуына қарсылық танытты. 

Нәтижесінде әкімдіктегілер әу бастағы ойынан бас тартты. Бастапқы жоспарға сәйкес, 134 млн теңгеге өлшемі 257*10 м болатын үлкен медиаэкран, биіктігі 10, ені 260 метр болатын иллюминация орнату көзделген-ді. Сол арқылы жергілікті билік туристік әлеуетті арттырып, ұаланың архитектуралық келбесін жақсартуды ойластырды. Алайда бұл жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы, сараптамасы мен жобасы да болған жоқ. 

"Облыс орталығындағы жағалаудың ұзындығы алты шақырымды құрап, теміржол көпірі маңында аяқталады. Бұған дейінгі Орталық жағалауды абаттандыру жұмыстарының жалғасы ретінде бұл көпірді де тартымды етуді ойлаған едік. Жоспар бойынша, үлкен экраннан жағалаудағы шараларды, әлеуметтік роликтерді, мерекелік құттықтауларды көрсету керек болатын. Иллюминациялық жұмыстармен айналысатын павлодарлық және астаналық компаниялардың ұсыныс бойынша 134 млн теңге көлеміндегі сома қалыптасты", - деп түсіндірді Павлодар қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Оразалин. 

Бастапқыда әкімдіктің бұл ойын құптаған "Қазақстан темір жолы" компаниясының өкілдігі де енді ойынан бас тартып отыр. Аталмыш мекеме өкілдерінің пайымынша, көпір жеткілікті түрде жарықтандырылған.  Ал қосымша құрылғыларды орнататын арнайы элементтер жоқ. Тіпті, декоративтік жарық пен үлкен экран көпірдің ағымдық жөндеуі барысында кедергі келтіреді. Сөйтіп, бұған дейін құптаған ісінен бұл компания да теріс айналды. 

Ал қоғамның қызу талқысына түскен бұл жобаға қарастырылған 134 млн теңге қала көшелерін жөндеуге жұмсалатын болды. Бірақ әкімдіктегілер бұл идеядан біржола бас тартпағанын айтады. Егер мүмкіндік болса, оны келесі жылы жүзеге асыруы әбден мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу