2023 жылы Екібастұз қаласының аумағында "EkibastuzFerroAlloys" зауыты іске қосылады. Инвесторлар бұл жобаға 92 млрд теңге жұмсамақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Акционерлер – Ерлан Нығматулин мен Давид Кемертелидзе жаңа индустриялық аймақта жылына 240 мың тонна жоғары маркалы ферросилиций шығаратын зауыт салмақ. Өнімнің барлығы әлемнің 50-ден астам еліне экспортталатын болады.
Бірақ алдымен жаңа өндіріс орнын қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен, теміржолмен қамтамасыз ету қажет. Сол үшін Екібастұз қаласының құрылыс бөлімі мемлекеттік конкурс жариялады. Оған сәйкес, мердігер компания келесі жылдың мамыр-қазан айлары аралығында теміржол желісін салуы керек. Осы мақсатта қазынадан 923 млн теңге қарастырылып отыр.
Сонымен қатар 2022 жылы зауыт ашылатын аумақта электр желілері тартылып, арнайы станциялар қойылуы қажет. Қалалық бюджет сол үшін 596 млн теңге бөлуге әзір.
Еске сала кетейік, ферросилиций өндіретін кәсіпорын – Екібастұз қаласын дамыту мақсатында әзірленген бес жылдың кешенді жоспарға енген ірі инвестициялық жобалардың бірі. Сондай-ақ бұл жоба республикалық Индустрияландыру картасы мен Павлодар облысының 2020-2025 кәсіпкерлікті қолдау картасына енді.
Ажар Дәулетова