Еліміздің кейбір аймағында ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ көлік жолдарының жабылуына байланысты "Жолаушылар тасымалы" АҚ өзінің пойыздарына қосымша 40 вагон тіркеді. Осылайша олар 1500-ден астам жолаушыны діттеген жеріне жеткізді. Бұл туралы акционерлік қоғамның баспасөз қызметі хабарлады.
"Ұлттық тасымалдаушының құрылымдық бөлімшелері мен орталық аппараты күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр", – делінген хабарламада.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ №87 "Астана – Ақтөбе" пойызы техникалық себептерге байланысты Ақтөбеге бірнеше сағат кешігіп жететінін де хабарлап отыр.
"Сапар барысында мейрамхана-вагонда барлық 170 жолаушы тамақпен қамтамасыз етілді. Тиісті жеріне жеткен соң жолаушылар темір жол көлігімен жол жүру барысындағы осынау қолайсыздыққа байланысты өтемақы ала алады", – деп атап өткен баспасөз қызметі.