Теңге қайта әлсірей бастады

499

Соңғы айда 25 пайызға күшейген төл теңгеміз қайта әлсірей бастады. 

Теңге қайта әлсірей бастады Фото: El.kz

Алдыңғы сауда сессиясымен салыстырғанда, бүгін доллар 2 теңге 37 тиынға қымбаттады. Көк қағаздың ресми бағамы 433 теңге 43 тиынға бағаланды. Ал Алматының сауда нүктелерінде 441 теңгеге дейін саудаланып жатыр. 

Теңгенің 430-ға дейін күрт күшеюіне Ұлттық банктің "ауызша" интервенциясы себеп болған. Экономист Мұрат Қастаев осылай дейді. 

Оның сөзінше, орталық банк наурызда бюджет үшін валюта сатып, зейнетақы қоры үшін сатып алатынын мәлімдеген. Екі операцияның арасындағы айырмашылық 500-550 млн долларға тең. Яғни, алдын ала белгі беріп, нарықта доллардың ұсынысы артып, құны түсті. Бұл экспорттаушы мен бюджет үшін тиімсіз.      

"430 теңге деген нарықтық бағам емес екенін түсіну керек. Бұл Ұлттық банктің валютаны нарыққа шығаруымен байланысты. Егер Ұлттық банк валюта сатпаса, немесе бәсеңдетсе, доллар бірден өсіп кетеді. Себебі, АҚШ-тың Федералды қор жүйесінің ставкасы жоғары болғандықтан, әлемде доллардың позициясы мықты. Доллар әлемдік резервті валюта боп қала бермек", дейді Экономист Мұрат Қастаев. 

Сарапшылардың пікірінше, бұл шара инфляцияны ауыздықтаудың бір жолы. Енді Ұлттық банкке базалық ставканы көтере берудің  қисыны жоқ. Яғни, билік валюта бағамын реттеу арқылы қымбатшылыққа арқылы әсер етуге тырысуда. Бұл тұтынушыларға тиімді. Себебі, доллар түскен сайын импорт та арзандайды.  

"Қазір қымбат боп тұрған тауарлар бұрынғы бағамен келген. Келесі келгені төмен бағада болады және бағалары дәл қазіргідей қымбат болмайды. Инфляция тынышталады", дейді Экономист Расул Рысмамбетов. 

Сарапшылар теңгенің күрт күшейгенін алда болатын саяси науқанмен де байланыстырды. Яғни, түпті мақсат - тұрақты экономика, күшті валюта деген иллюзия туындату. Сондықтан, теңгенің күшейгені көп бармайды. Алдағы жарты жылда таблодан доллардың 470 теңгеге дейін көтерілгенін көрерміз.  Екінші жарты жылда 470-тен жоғары болады деп болжам бар. Орташа алғанда үкіметтің бюджетке жоспарлаған бағамы шығады. Ал, бүгінгі бағам осы қайта құлдыраудың бастамасы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу