Теңгенің әлсіреуіне Ресейге қатысты санкциялар әсер етті – Ұлттық банк

978

Қажылық реттеуші валюта нарығындағы жағдайға қатысты хабарлама таратты.

Теңгенің әлсіреуіне Ресейге қатысты санкциялар әсер етті – Ұлттық банк

Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне байланысты ресми хабарлама таратты, деп хабарлайды abctv.kz.

 Хабарламада 2018 жылғы 9 тамызда теңге бағамы өткен күнмен салыстырғанда бір АҚШ доллары үшін 354,06 теңгеге дейін, яғни 1,6%-ға әлсірегені айтылған.

Ұлттық банктің хабарлауынша, валюта нарығындағы жағдайға Ресейге қатысты санкцияларды қатаңдату тәуекелдерінің күшеюі және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты рубльдің құнсыздануы себеп болған.

Қаржылық реттеушінің дерегінше, Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты бағамы бір күнде 4,2%-ға (63,6-дан 66,3-ке дейін), ал еуроға қатысты бағамы 4,1%-ға (73,8-ден 76,8-ге дейін) әлсіреген.

"АҚШ сенаторларының Ресейге қарсы санкцияларына қатысты жаңа заң жобасы туралы ақпарат рубльдің әлсіреуіне себеп болды. Заң жобасы Ресей Федерациясының мемлекеттік борышын қаржыландыруға және Ресейдің бірқатар жетекші банктерінің мүлкімен мәмілелерге шектеу салуды көздейді. Заң жобасы қабылданған жағдайда 2018 жылғы 22 тамызда күшіне енуі мүмкін", – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Хабарламада айтылғандай, негізінен Ресей рубліне қатысты орын алып отырған қазіргі ахуал саяси факторлармен байланыстырылып отыр. Мәселен, Американың мұнай өнімдеріне Қытай баж салықтарын енгізуі мүмкін. Осы орайда, Ұлттық банк аталған ақпараттың таралуына байланысты Brent сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін 72 долларға дейін төмендегенін алға тартыпты.

"Қазіргі уақытта бағамның белгіленуі Ұлттық банктің қатысуынсыз жүріп жатыр. Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалға үнемі мониторинг жүргізіп отыр. Қажет болған жағдайда теңге бағамының айтарлықтай және тұрақсыздық тудыратын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға дайын", – делінген хабарламада.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу