Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Биылғы қаңтарда теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды. Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ", – деді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.
Бұл ретте Берік Шолпанқұлов теңгенің нығаюына ықпал еткен факторларды атады.
"Биылғы қаңтар айында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 453 млн доллар сомасына валюталық түсімді сатуы және Ұлттық қордан республикалық бюджетке 228 млн доллар мөлшерінде трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату теңгеге қолдау көрсетті", – деді спикер.
Оның айтуынша, қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады.
"Ұлттық Банк дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанады", – деп атап өтті бас банк төрағасының орынбасары.