Теңгенің нығаюына не әсер етті?

497

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев валюта нарығындағы  өзгерістерге тоқталды. 

Теңгенің нығаюына не әсер етті?

"Экспорттаушылардың салық төлемдерін жүзеге асыру үшін шетел валютасын сату есебінен өскен ішкі ұсыныс пен қолайлы ішкі конъюнктура биылғы қарашада айырбас бағамының бір доллары үшін 432,66-дан 425,07 теңгеге дейін 1,8%-ға нығайтуға ықпал етті", - деді Ерболат Досаев. 

Ұлттық банк төрағасының айтуынша теңгенің нығаюына екі себеп әсер еткен.  Оның бірі әлемдегі вакцинаның сәтті сынақтары туралы ақпарат болса, келесісі АҚШ-тағы президенттік билікті ресми беру болып отыр. Сонымен қатар ол бұл жағдайлар тәуекелді активтерге сұранысты арттырғанын айтады. 

"Қараша айында мұнай бағасы барреліне 37,5 доллардан 47,6 долларға дейін 27%-ға өсті. ОПЕК+ өндірудің мейлінше қалыпты қарқынмен ұлғайту шешімінен кейін желтоқсанда мұнайға баға белгілеу сенімді өсіп келеді. АҚШ доллары индексінің төмендеуі дамушы елдер валюталарының динамикасына оң әсерін тигізді. Мәселен, Бразилия реалы бір айда 6,6%, Түрік лирасы 6,2%, Ресей рублі 3,7%-ға дейін нығайды", - деген Ерболат Досаев ай басынан бері айырбастау бағамы 1,2%-ға нығайып, 9 желтоқсанда биржадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша бір доллар 419,92 теңгеге тұрақтағанын жеткізді.

Құралай Құдайберген 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу