Бұл туралы Үкімет отырысына Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
Биыл жыл басынан бастап ақпан айының соңына дейін теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 445,66 теңгеге дейін 3,7%-ға нығайды.
Алайда Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізбеген.
"Қаңтар-ақпан айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 748 млн доллар сомасына валюталық түсімді сатуы және Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 818 млн доллар мөлшерінде валюта сату теңгеге қолдау көрсетті", – деп түсіндірді ҰБ төрағасы.
Оның айтуынша, қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайға, нарықтың ішкі қатысушыларының күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады.
"Ұлттық Банк дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанады", – деп атап өтті Ғалымжан Пірматов.