"Теңізшевройл" компаниясының баспасөз қызметі сақтық шарасы ретінде Теңіз және Королевское кен орындарында мұнай өндіру уақытша тоқтатылғанын растады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Бұл шешім өндірістік нысандардағы электр энергиясын тарату жүйелерінің кейбіріне әсер еткен жағдайға байланысты қабылданды. Зардап шеккендер жоқ. Қызметкерлердің қауіпсіздігі компания үшін ең жоғары басымдық болып қала береді. ТШО-ның техникалық қызметтері оқиғаның бастапқы себебін анықтау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Компания өкілдері оқиғаның салдарын мүмкіндігінше тезірек жоюға күш салып жатқанын және теріс әсерлерді азайту үшін мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп отырғанын атап өтті.
– Теңіз кен орны мен барлық өндірістік нысандар қауіпсіз күйде, сенімді қорғалған, – деп сендірді ТШО.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай Қазақстан мұнайының экспорттық жеткізілімдеріне әсер етуі мүмкін. Өйткені "Теңізшевройл" елдегі мұнай өндірудің шамамен үштен бірін қамтамасыз етеді.