Теңіз кенішінде қатаң тәртіп сақталып тұр

737

Атырау қаласында маусым айынан бастап карантин режимі жойылды.  

Теңіз кенішінде қатаң тәртіп сақталып тұр

Атырау облысындағы Теңіз кен орнындағы жұмысшылардың "Теңізшевройл" ЖШС басшылығымен кездесуді талап етіп, тез арада үйлеріне жіберуін қатаң талап еткен бейнебаяны әлеуметтік желілерде кең тарады. Белгілі болғандай, наразылық білдірген отызға тарта жұмысшы бұған дейін коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болды деген күдікпен тексеріліп, екі апталық оқшаулаудан өткен. Одан шыққасын, тағы да Covid-19 вирусына тексеріледі. Алайда, бұл жолғы медициналық қорытындылардың кешіккеніне реніш білдірген жұмысшылар өздерін жылдам кері қайтаруды талап еткен.

"Мамырдың 30-ы күні кейбір мердігерлік ұйымдардың жұмысшылары карантиндік шараларға байланысты қарсылық білдірді. Қазіргі күні мәселе шешіліп, тест қорытындысы теріс шыққан жұмысшылар қайтарылуда. Осыған орай, Теңіз кен орнында Атырау облысының бас санитарлық дәрігері бекіткен қатаң шаралар сақталып отырғанын, ТШО қауіпсіздік қызметі Жылыой ауданы әкімдігімен, аудандық СЭС және ІІД қызметкерлерімен бірге вахталық поселкелерде бұл талаптардың орындалуын тұрақты тексеріп отырғанын айтқымыз келеді", - деп хабарлайды "Теңізшевройл" ЖШС баспасөз қызметінен.

Соңғы мәліметке сәйкес, Атырау облысы бойынша Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар саны – 1119, оның ішінде, Теңіз кен орнында жұмыс жасайтындар – 964 адам. Жақында Батыс Қазақстан облысында жұқпалы дерттен көз жұмған науқас та – Теңіз кенішінде жасаған еді. Атырау қаласында маусым айынан бастап карантин режимі жойылды. Бірақ Теңіз кен орнында, ол орналасқан Жылыой және Мақат аудандарында шектеулер әлі сақталып тұр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу