Биыл Қазақстанның теңіз порттары арқылы өтетін жүк көлемі 10 миллион тоннаға жетеді, деп болжайды мамандар. Бұл туралы kazakh-tv.kz хабарлайды.
"Биыл біз 10 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын 5 ірі жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Онда жаңа жұмыс орындары ашылып, 200-дей адам еңбек ететін болады", - дейді "Ақтау теңіз порты" АЭА басқарма төрағасы Бауыржан Қайратов.
Ақтау және Құрық порттары – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің негізгі нүктелері. Солтүстіктен оңтүстікке және батыстан шығысқа қарай жүктерді артып-тиеу осы терминалдарда іске асырылады. Өткен жылы Қазақстанның теңіз порттары арқылы 5,5 миллион тонна жүк тасымалданған. Қазіргі кезде Құрық порты тәулік бойы жүк қабылдайды. Биыл оның қуатын 3 есеге арттырып, порт арқылы 4 жарым миллион тонна жүк жөнелту көзделуде.
"Биыл Құрықта жүкті артып-тиеу көлемін 3 есеге арттыру көзделген. Ақтау портында да контейнерлік жүк тасымалының көрсеткіші арта түспек. Биыл Ақтау және Құрық порттары бойынша өткен жылмен салыстырғанда контейнерлік жүк тасымалы көлемін жеті есеге арттыруды көздеп отырмыз. Елбасы тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 2 миллион контейнерге дейін жетпек", - дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары Асқар Мамин.