Атырау облысында орналасқан Теңіз кен орнында 2021 жылдың соңына дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz "Тенгизшевройл" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазіргі кезде ТШО-да жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр. Ал компания жыл сайынғы күрделі жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың соңына жоспарлап отыр", – деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев кен орнында 2020 жылға жоспарланған жөндеу жұмыстары коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылға шегерілгенін мәлімдеген еді.
Министр ол үшін компания қызметін 1,5 айға тоқтату керек екенін де атап өтті.
Еске сала кетсек, "Тенгизшевройл" Қазақстандағы мұнай-газ өндіретін бірлескен кәсіпорын. Компания Атырау облысындағы Теңіз және Королевское кен орынын игеру жұмыстарымен айналысады. 2019 жылы компания 29,79 млн тонна шикізат өндірді.