"Теңізде" мұнай өндіру айтарлықтай өсіп, "Қашағанда" төмендеді

930

"ҚазМұнайГаз" биылғы 9 айдағы өндірістік нәтижелерін жариялады.  

"Теңізде" мұнай өндіру айтарлықтай өсіп, "Қашағанда" төмендеді Фото: ratel.kz

Компания мәліметінше, мұнайды магистраль және теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 2022 жылдың тоғыз айында 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2%-ға, яғни 55 085 мың тоннаға дейін төмендеді, деп жазады inbusiness.kz.

"2021 жылдың тоғыз айымен салыстырғандағы 2022 жылдың тоғыз айындағы негізгі өндірістік көрсеткіштер:

•  Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 0,9%-ға өсіп, 16 060 мың тоннаға жетті;

•  Мұнай тасымалдау көлемі өткен жылдың тиісті кезеңіндегі 55 727 мың тоннамен салыстырғанда 55 085 мың тоннаға жетті;

•  Қазақстандық және румындық Мұнай өңдеу зауытында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 5,8%-ға артып, 14 896 мың тоннаға жетті.

Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі 1,4%-ға, яғни 5 942 млн м3 дейін ұлғайды", – делінген компания таратқан ақпаратта.

"ҚазМұнайГаз" ақпаратына сәйкес, "Теңіз" кен орнында мұнай өндіру айтарлықтай 13,6%-ға өсіп, 4 302 мың тонна (тәулігіне 126 мың баррель) болды. Ілеспе газ өндіру де 18,8%-ға артып, 2 394 млн м3 жетті. Өндірістің ұлғаюы ОПЕК+ келісімі бойынша шектеулердің алынып тасталуына байланысты болды.

"Қашаған" кен орнында мұнай өндіру 734 мың тоннаға дейін төмендеді (тәулігіне 21 мың барр.). Бұған биыл тамыз айында газдың ағуына байланысты жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде теңіз және жерүсті кешендеріндегі өндірістік объектілердің тоқтап тұруы әсер етті. Ілеспе газды өндіру көлемі де төмендеп, 451 млн м3 құрады.

"Қарашығанақ" кен орнында мұнай мен конденсат өндіру былтырмен салыстырғанда өзгеріссіз 768 мың тонна (тәулігіне 22 мың барр.) көлемінде қалды. Газ өндіру 5,3%-ға артып, 1 479 млн м3 құрады. Газ өндірісінің өсуі 4-ші газды кері айдау компрессорының қосылуына және газды қайта өңдеу көлемінің ұлғаюына байланысты болды.

Компания өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі 2022 жылдың тоғыз айында 1,1%-ға ұлғайып, 16 318 мың тоннаға жетті, оның 60,5%-ы экспортқа шығарылды.

"Компания өндірген мұнай мен газ конденсатын ішкі нарыққа жеткізу көлемі 6 439 мың тоннаны құрады, оның ішінде операциялық активтердің (Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қазақтүрікмұнай және Өріктау Оперейтинг) өңдеу және сату үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ), Шымкент мұнай өңдеу зауытына (ПҚОП) және Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) жеткізілген 3 740 мың тонна шикі мұнайы бар", – делінген ақпаратта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу