Каспий жағалауы қан қызыл түске боялды

554

Ғалымдар теңіздің қызыл түске боялуы ондағы экожүйе мен адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді. 

Каспий жағалауы қан қызыл түске боялды Фото: Маңғыстау облысы экология департаменті

Себебі балдырлардың жаппай гүлденуі судың оттегімен қанығуын төмендетіп, теңіздегі тіршілікке кері әсер етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Биология ғылымдарының кандидаты Филипп Сапожников "Наука и жизнь" журналында жариялаған мақаласында бұл мәселенің күрделілігін атап өтті:

– Егер гүлденген балдырлар жағаға жетсе, олар құрлықтан теңізге түсетін биогенді заттармен араласып, тез көбейеді. Бір литр суда миллиондаған балдыр жасушалары жиналып, суға түсетін күн сәулесін бөгейді. Бұл фотосинтездің баяулауына әкеліп, судың оттегімен қанығуын төмендетеді. Оттегі тапшылығы су жәндіктері мен басқа да тіршілік иелерінің жаппай қырылуына себеп болуы мүмкін, – делінген мақалада.

АҚШ-тың Ұлттық мұхит және атмосфера басқармасының мәліметінше, микробалдырлар уытты заттар да бөлуі ықтимал. Олар Karenia brevis сынды токсиндер түзіп, жүйке жасушаларына әсер етеді.

Бұл әсіресе омыртқалы жануарлар үшін қауіпті. 2017-2018 жылдары Флорида жағалауында орын алған "қызыл тасқын" кезінде көптеген теңіз жануарлары қырылып қалған болатын.

Жақында Каспий теңізінің қызыл түске боялуы ел тұрғындарының алаңдаушылығын тудырды. Алайда қазақстандық ғалымдар бұл құбылыстың теңіз экожүйесіне айтарлықтай зияны жоқ екенін айтады.

Балық шаруашылығы ғылым-өндірістік орталығының мамандары:

– Каспий теңізінде мұндай экологиялық апат болуы екіталай. Себебі балдырлардың гүлденуі тек белгілі бір аумақпен шектеледі. Қозғалысты гидробионттар (балықтар, шаян тәрізділер) ластанған аймақтан таза суға көше алады. Уақыт өте теңіздегі экожүйе қалпына келеді, – деп түсіндірді.

Ал Маңғыстау облыстық Экология департаментінің өкілдері бұл – жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс екенін мәлімдеді.

– Балдырлар тек таяз аймақтарға жайылған, онда теңіз жануарлары мекендемейді. Сондықтан бұл жағдай теңіздегі тіршілікке қауіп төндірмейді. Оның үстіне, зерттеу барысында токсинді заттар бөлінгені анықталған жоқ, – деді департамент басшысы Ержан Жұмашев.

Демек, теңіздің қызыл түске боялуы жаһандық ауқымда экологиялық мәселелер тудыруы мүмкін болғанымен, Каспий теңізінде оның салдары аса қатерлі емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу