Теңізшілер Каспийде 10 күндік оқу-жаттығу жорықтарын аяқтады

131

Жаттығулар жағадан шамамен 80 теңіз милі (150 шақырым) қашықтықта өтті.  

Теңізшілер Каспийде 10 күндік оқу-жаттығу жорықтарын аяқтады Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелері Каспий теңізінде жоспарлы оқу-жаттығу жорығын сәтті аяқтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

3 кезеңнен тұрған жорық барысында әскери теңізшілер ұрыстық жағдайда шешім қабылдау, кемелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру және жеке құрамның теңіздегі дайындық деңгейін бағалау міндеттерін орындады.

Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары бірінші дәрежелі капитан Данияр Хайрушев теңізшілердің кәсібилігін жоғары бағалады. Оның айтуынша, қолайсыз ауа райына қарамастан экипаждар кеме басқару, навигация, байланыс құралдары мен қаруды пайдалану бойынша тапсырмаларды сәтті орындап, жоғары төзімділік пен ұйымшылдық танытты.

Жорық Орал қаласының тумасы матрос Тұрар Өміржановқа ерекше әсер қалдырды. Ол әскерге дейін теңізді мүлде көрмеген. Алғашқы теңіз жорығы ол үшін тек сынақ болып қана қоймай, Қарулы күштер қатарындағы қызметінде үлкен мақтаныш болып отыр.

Жаттығулар барысында теңізшілер техникамен жұмыс істеуді, атысты, маневрлерді және кемелер арасындағы үйлесімді әрекеттерді тәжірибеде пысықтады. Алынған білім мен тәжірибе жеке құрамның жауынгерлік дайындық деңгейін одан әрі арттыруға негіз болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу