Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA премьер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Е.Рыбакина жартылай финалда әлемнің 15-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен кездесті.
Бірінші партия барысында хорватиялық спортшы 4:2 есебімен алға кетті. Дегенмен Елена таразы басын теңестіріп қана қоймай, тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:5).
Екінші сет те дәл осылай өрбіп, Мартич алға кетті - 3:0. Қазақстандық теннисші тағы да есепті теңестіріп, тай-брейкте матч нүктесін қойды - 7:6 (7:2).
Тартысты бәсеке 2 сағат 13 минутқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуықтайтын жарыстың финалында әлемнің 2-ракеткасы, румыниялық Симона Халеп немесе рейтингте 52-орында тұрған америкалық Дженнифэр Брэдидің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.
Қазақстандық теннисші биыл осымен төртінші рет WTA додасының финалына шығып отыр. Ол соның біреуінде жеңіске жетті.