Теннистен Қазақстан құрамасының Дэвис кубогіндегі қарсыластары анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасы D тобында Глазго қаласында корт иелері – Ұлыбритания, сондай-ақ АҚШ және Нидерланды құрамаларымен ойнайды. 2019 жылы Мадридте қазақстандықтар топтық кезеңде Ұлыбритания және Нидерланды теннисшілерімен сынға түскен болатын. Онда Қазақстан құрамасы нидерландылықтардан 2:1 есебімен басым түсіп, дәл сондай есеппен ұлыбританиялықтарға жол берген еді. Ал АҚШ құрамасымен алғаш рет шеберлік байқаспақ.
Сондай-ақ A тобында Болоньяда Италия, Хорватия, Аргентина, Швеция құрамалары өзара күштіні анықтайды. В тобында Валенсияда Испания, Канада, Сербия және Оңтүстік Кореяның жолдары түйіседі. C тобында Гамбургте Германия, Франция, Бельгия және Аустралия құрамалары кортқа шығады.
Дэвис кубогінің топтық кезеңі алғаш рет төрт қалада өтсе, плей-офф бәсекелері Малагада болады. Плей-офф кезеңіне әр топтан екі үздік команда жолдама алады. Кубоктің шешуші ойындары 23-27 қарашада өтіп, жеңімпаз анықталады.