Әлеуметтік желіде Оралдағы тойлардың бірінде түсірілген видео тарады. Жазбада "тентек кәде" сұраған ер адамды құдасы ұрып құлатқаны айтылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бейресми ақпаратқа сәйкес, "тентек кәде" дәстүрлі жоралғысы кезінде айтылған қалжың екі ер адамның арасында келіспеушілік тудырған. Сөзге келген тараптардың бірі кейін қарсыласына қол жұмсаған. Желіде тараған ақпараттарда ер адамды жаңа құдасы ұрып құлатқаны туралы да айтылған.
Редакция тілшісі оқиғаның мән-жайын білу үшін Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментіне хабарласты.
"Бейнежазбадағы азаматтардың жеке басы анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы бақылауға алынды. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген ресми жауапта.