ШҚО Курчатов полициясында тергеушілер ашық кабинеттерде отырып жұмыс істейтін болды, ал барлық тергеу әрекеттері бейнетаспаға жазылмақ, деп хабарлайды altaynews.kz.
Бұл жұмыстарды қала прокуратурасы полиция учаскелерімен бірлесе отырып, қылмыстық процесті оңтайландыру жобасы аясында атқарыпты.
Тергеу әрекеттері өтетін полиция кабинеттерінде енді тәулік бойы бейнежазба жүргізіледі. Ол жазба сақталады. Бұдан басқа, бейнекөрсетілімді қылмыс жасады деп ұсталған адамның туыстары мен жақындары ғимарат фойесіндегі монитордан, ал бөлімше басшылары өз кабинеттерінде отырып онлайн режимде көре алады.
"Осы жылдың 1 маусымынан бастап облыс прокуратурасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, "Азаматтардың мүдделерінде қылмыстық процесті оңтайландыру" қанатқақты жобасын қолға алды. Мақсаты – қылмыстық істердің қаралу мерзімін қысқарту, құқық қорғау органдарының жұмысын барынша ашық әрі түсінікті ету", – деп мәлімдейді облыс прокуратурасының қызметкерлері.