Тергеушіге қылмыстық ісін жасыруға ықпал ету үшін бір миллион теңге пара ұсынған күдікті жауапқа тартылды, деп хабарлайды мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы миллион теңге пара ұсыну барысында ҚР қылмыстық кодексінің 307 бабы 2-бөлігінің 2) тармағымен (өзге адамдармен алдын-ала сөз байласу арқылы ойын мекемесін заңсыз ашып, ойын бизнесі саласындағы қызметті заңсыз ұйымдастыру) қылмыстық жауапкершілікке тартылған заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы тұлғаны ұстады.
Осы жылдың қаңтар айында Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің жедел-іздестіру шаралары кезінде Қызылорда қаласындағы сауналардың бірінде заңсыз "Казино" анықталған болатын. Қаралған қылмыстық іс барысында анықталғандай, азамат А.У. покер стөлі орналасқан, фишкалары, ойын картасы және ойыншылары бар ойынхананы бұған дейін де бильярд клубында ұйымдастырған болып шықты. "Көшпелі" ойынхана иесі екі жерде де бөлмені жалға алып, құмар ойын ойнаушыларды жинап "Покер" ойынын заңсыз ұйымдастырған, сол арқылы пайда тапқан.
Сонымен қатар, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде тергеушіге өзін қылмыстық іске араластырмас үшін бір миллион теңге пара ұсынған күдікті ҚР қылмыстық кодексінің 367 бабы 2-бөлігімен (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды тұлғаға айтарлықтай мөлшерде пара беру) жауапкершілікке тартылды.
Сот үкімімен азамат А.У. екі жылға бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, 100 сағаттық мәжбүрлі жұмысқа жегілді.