Тері мен жүн өнеркәсібі неге тоқырап тұр?

2489

Қаншама тері мен жүн ысырап болып жатыр. 

Тері мен жүн өнеркәсібі неге тоқырап тұр?

Статистикаға жүгінсек, бұрындары елімізде жылына 100-105 мың тонна жүн өндірілген. Тері өңдеуден табыс мол болған. Ал қазір Жамбыл облысында орта есеппен 22 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 7 мыңнан аса қой-ешкі, 3 мыңға жуық жылқы сойылады.

"Қолға пышақ ұстап мал союға кіріскен сәтте әкем, "терісін бүлдіріп алмай іре, тон тіктіреміз" дейтін. Ол кезде он теріге бір тон тіктіруші еді. Ал аталарымыз теріні өздері илеп, одан өрім қамшы жасайтын. Ол кезде қой жүні де кәдеге асып жатады. Әжелеріміз қой жүнін жуып, жіп иіріп, одан шұлық тоқитын. Күздік жүнді қап-қап етіп жинап, одан киіз басатын. Көктемгісін ою салуға пайдаланатын. Сол үрдісті мен де отбасыммен жалғай отырып 15 жыл пима бастым. Қазір жұмысым тоқтап тұр. Себебі, жүн қабылдауды қойған соң халық та оған мән беруді қойды. Бұдан бөлек, Тараз қаласында қылшықты қой жүнінің бір килограмын 70 теңгеден түттіріп жүрдік. Қазір ол да қымбат. Жүн түтетін қытайлық аппарат 1 млн теңгеден жоғары", – дейді жамбылдық кәсіпкер Сүттібай Қырғызәлиев.

Ол кәсібін қайта жандандыруға ынталы, бірақ барлық құрал-жабдығы ескірген. Қол күшін көп қажет етеді. Жаңасын сатып алайын десе, отандық зауыттар ондай аппарат шығармайды. Несие алып жұмыс істеуге де әзір, алайда кепілге қоятын үйінің құны сұраған қаражатына жетпей тұр. Аймақта жүннен, теріден өнім өндіре алатын ұсақ кәсіпкерлер мен қолөнершілер көп, барлығы да қаржылық қиындықтан жұмыстарын жолға қоя алмай отыр. 

Қазір тері-жүн жинаушылар да ауылдарды аралауды тоқтатқан. Аралаған күнде де қой терісін оның шегіне бола алады. Терімен қосып бар болғаны 200 теңгеге қабылдайды.

"Пионер" өндірістік кооперативінің өкілі Сейдуалы Қабылов ен байлықтың далада шіріп жатқанына күйінеді. Оның сөзінше, қойдың биязы жүні, жылқы мен ірі қараның терісі – жеңіл өнеркәсіп үшін таптырмас шикізат. 

"Қойларды көктемгі жайылымға шығарғанда қаншама күніміз қырқын бейнетімен өтеді. Қазір де қой жүні қораның бір бұрышында үйіліп жатыр. Алатын адам жоқ. Билік бір амалын жасамаса, теріміз іріп, жүніміз осылай шіріп жата береді", – дейді ол.

Ал Тараз қаласындағы "Фабрика ПОШ-Тараз" ЖШС бұл өнеркәсіппен айналысып келе жатқанына 30 жыл болған. Серіктестік басшылығының сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі де, Үкімет те бұл жайдан хабардар.

"30 жылда өзгермеген бұл салаға тек мемлекеттік деңгейде қамқорлық керек", – дейді. 

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандар жергілікті жүннің 18 пайызы ғана биязы жүн екенін айтады. Қалғаны – қылшықты жүн. Оған әлемде сұраныс аз. Оны бұрын Ресей мемлекеті әскердегі жауынгерлерге киім тігу үшін алыпты. Жүн өндірісін дамытатын болсақ, биязы жүнді қой өсіруді қолға алған жөн көрінеді. Ал тері мәселесіне келетін болсақ, біздегі мал көбіне аулаларда сойылады. Сондықтан пышақ тиген тері экспортқа шығаруға жарамайды-мыс. Мал тек сою пунктерінде бауыздалып, арнайы құралдармен терісі сыпырылғанда ғана экспортқа жарайды екен.
 
Әсел Мұратбекқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу